«Халық қазынасы» музей акциясы аясында ««Botaı – babalardyǹ murasy» халықаралық көрмесі Шал ақын ауданында өтті.
Өңірдің мәдени құндылықтарын ұлықтау, оның ішінде «Ботай» ескерткішін насихаттау, туған өлке тарихына жұртшылықтың қызығушылығын арттыру мақсатын діттеген игі шараға «Археология және дала өркениеттері» ғылыми зерттеу институтының директоры, тарих ғылымдарының докторы Виктор Зайберт, Оңтүстік Орал мемлекеттік университетінің кафедра меңгерушісі, Ғылыми білім беру орталығының директоры Александр Таиров, өнерсүйер қауым, жастар қатысты.
Халықаралық көрменің ашылуында сөйлеген сөзінде аудан әкімі Нұрлан Есімов Елбасы «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында Отан тарихына жаңаша қараудың көзқарасын түзіп бергенін атап көрсетті.
«Көптеген көрнекті мәдени жетістіктің Қазақстаннан тамыр алатынын біз мақтан тұтамыз. Оны әрбір қазақстандық ерекше қастерлейді. Баға жетпес тарихи жәдігерлер ата-бабаларымыздың өз заманының ең озық технологияларын қолданғанын растайды. Ұлы дала әлемге жылқы шаруашылығын дамытқан тұңғыш ел ретінде жақсы таныс», деді аудан әкімі.
Ботай қонысын ежелгі адамдар мекендеп, жылқы түлігін қолға үйреткенін археологиялық қазбалар айғақтайды. Осы тұрғыдан ой тербеген В. Зайберт Ботай мәдениетімен жете танысудың маңыздылығын талдап берді. Бүгінгі жас ұрпақ ұлттық тарихтың қайнар көздері тереңнен бастау алатынын біліп өсуі тиіс, деді ол. Археолог ғалымның айтуынша, Ботай қонысы энеолит дәуірінің археологиялық ескерткіші болып табылады.
Айыртау ауданының Иман-Бұрлық өзенінің оң жағалауында орналасқан. Өткен ғасырдың сексеніші жылдары оның жетекшілігімен алғашқы археологиялық экспедиция қазба жұмыстарымен айналысып, жебелердің ұштары, дротиктер, балталар, сүйек қашаулары секілді мол олжаға кезіккен. Ботайлықтар кешенді көп салалы шаруашылықтармен айналысқан. Жылқыны қолға үйретіп, көлік , мініс ретінде пайдаланған.Тас, сүйек, ағаш, тері өңдеген. Бірегей сәулет тәсілдерін меңгере отырып күрделі құрылыстар салған.
А.Таиров, облыстық Мәдениет, архив, құжаттамалар басқармасы басшысының міндетін атқарушы Досбол Абдрисов өз сөздерінде «Ұлы Даланың жеті қыры» мақаласынан туындайтын міндеттерді, өскелең ұрпақты отаншылдыққа тәрбиелеудегі көрме, музейлердің рөлін арқау етті.
Жиналғандар «Botai – babalardyn murasy» көрмесін тамашалап, Ботай елді мекенінен табылған құнды жәдігерлермен танысты.
Өмір ЕСҚАЛИ,
«Егемен Қазақстан»
Солтүстік Қазақстан облысы